Президент Жолдауындағы бесінші бағытта біздің алдымызға нақты міндет қойылды. Онда айтылған, «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» – қазіргі әлемдік даму үдерісіндегі кезек күттірмейтін мәселе.
Бүгінгі таңда Астана мен Алматы қаласында және облыс орталықтарында құрылыс қарқынды жүріп жатқаны мәлім. Атап айтар болсақ, ел азаматтарын баспанамен қамтуға бағытталған тұрғын үй құрылысы жедел жүзеге асырылуда, тұрғын үй жинақтау жүйесі де тиімді жұмыс істеп жатыр.
Әрине бұл саланың ұтымды жолға қойылуын Елбасы тапсырмасымен жүргізіліп жатқан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасынан бөліп қарауға болмайды.
Жалпы, баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құраған. Бірақ, мұнымен жұмыс тоқтамайды. Елбасы аталған көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керектігін айтты. Бұл міндетке жету үшін Президент құрылыс салудың жаңа әдістерін енгізуді, заманауи материалдарды, ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда тың тәсілдерді қолдану қажеттігін тапсырды. Себебі жаңа тәсілдерді, озық технологияны қолдану ғимараттарды салуда оның сапасына кепілдік береді. Елбасы осыған баса назар аударуды ескертті. Дамыған елдердегі мегаполистердің бір ерекшелігі – интеллектуалды басқару жүйесі. Яғни «ақылды қала». Бұл әрбір ғимараттан басталады. Жаңа сапада салынған тұрғын үйлер халыққа жайлы болуы шарт. Тұрғын үй саласындағы өзекті мәселенің бірі – инфрақұрылым жүйесі. Бұл әсіресе, аудан мен ауылды жерлерде жіті қадағалауды қажет етеді. Елбасы Жолдауында бұл мәселе де ескеріліп, өңірлердегі әкімдерге тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру қажеттігі айтылды. Соған орай, аталған мәселені мемлекет және жекеменшік әріптестігі негізінде белсенді шешуді тапсырды.
Өңірлердегі инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадамның бірі ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екені белгілі. Үкімет бұл салада ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Алайда толық қамтылды деп айту қиын. Бүгінде су тапшылығын сезініп отырған елді мекендер бар. Ал кейбір үлкен қалалар мен моноқалалардың инфрақұрылымдары жаңару кезегін күтіп тұр. Елбасы аталған мәселені түбегейлі реттеудің жолын да нұсқады. Яғни Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет деп атап көрсетті. Қорыта айтқанда, осы аталған мәселелердің қай-қайсысы да еліміздің игілігін арттырудың нақты тетігі екені анық. Сондықтан да оның жүзеге асуына жұмыла атсалысу баршамызға парыз.
Айзада ҚҰРМАНОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты